«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», — дейді біздің қазақ. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында да туған жерінің өсіп өнуіне еңбегі сіңген азаматтарды ардақтауымыз керек деп айтылған болатын.

Бүгінгі еліміздің, ауылымыз бен ауылдан шыққан азаматтардың болмысы -кешегі ұстаздардың тәлімінде екені айқын. 

Ел басына күн туып, ерлер майдан даласына аттанған қиын қыстау заманда, мектеп қабырғасында жоғары сыныпта оқып жүріп, бастауыш сынып оқушыларына тәлім беріп, ұстаздық өмірін 16 жасында бастап кеткен жас жігіт, ауылдық орта мектепте 1942-1954 жыл аралығында ұстаздық, 1954-1955 жылдары оқу ісі жөніндегі директор орынбасары, 1955-1962 жылдар аралығында мектеп директоры қызметін атқарды. Жарты ғасырға жуық мол тәжірибесін оқу-тәрбие қызметіне жұмсаған ұстаз «Үздік еңбегі» медалімен, «Тың және тыңайған жерледі игеру» медалімен, «Лениннің 100 жылдығы» медалімен, «Қазақ ССР-нің халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталған қоғам қайраткері  – Мамыраев Баймағамбет.

Ауыл тұрғындарының бастамасымен Баймағамбет Мамыраев өзі тұрған көшеге есімін беру ұсынылған болатын. Талай шәкіртке білім берген,                      азаматтарды тәрбиелеп шығарған, қоғам қайраткері Баймағамбет Мамыраевқа өзі туған ауылында, өзі тұрған көшеге атын беру туралы сұранысқа облыстық маслихаттың шешімі оңынан болып, көше Баймағамбет Мамыраев көшесі болып аталды.

Баймағамбет Мамыраев көшесіне белгі тақта орнатылып, тақтаның ашылу салтанаты ұстаздардың төл мерекесі қарсаңында болды. Ашылу салтанатына әкенің өнегелі тәрбиесін көрген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, профессор Бейбіт Баймағамбетұлы Мамыраев бастаған, Президент аппаратының жауапты қызметкері Сәлімгерей Бекбергенов, Ақпарат және коммуникация министрлігінің жауапты қызметкері Әлиасқар Мусин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Кәрібай Мұсырман, Серік Сапиев, Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уалиев, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, академик Серғазы Әдекенов, қоғам қайраткері Жұмажан Жукенов, облыстық білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев, ҚМИУ ректоры Бақыт Жәутіков және аудан басшылары, Баймағамбет атамыз қызмет жасаған мектептің ұжымы, оқушылар, ауыл тұрғындары және Баймағамбет Мамыраев пен жары  Бибіғайша ападан тараған ұрпақтары қатысты.

Қадірлі қонақтар мен ұстаздың ұрпақтары ескерткішке жабылған ақ матаны салтанатты түрде ашып, әжелер шашу шашып, мектеп оқушылары гүл шоқтарын қойып ұлықтады. Келген қонақтарға, жиналған қауымға Баймағамбет Мамыраевтың қызы әке жолын жалғап 40 жылдан астам ұстаздық қымет атқарған ҚР «Оқу ағарту ісінің үздігі» Роза Баймағамбетқызы жылы лебізін, алғысын білдірді. Әрбір істің соңын түйіндеуді үйреткен әке мен ананың қазақы тәрбиесін көріп өскен ұл-қыздары салтанатты шара қарсаңында ауылымыздағы үш бірдей кітапханаға Елбасымыздың еңбектері, заманауи әдебиет өкілдерінің шығармалары бар 500 дана кітап табыстады. Ауылдық Мәдениет үйіне де сый-сияпаттарын табыс етті.  Шара барысында Лондон олимпиадасында еліміздің көк байрағын желбіреткен боксшы Серік Сапиев ауыл спортшыларымен кездесіп, дайындықтарын тамашалап, бокстан шеберлік класын көрсетті. Алда зор үміт күттіретін жас спортшыларға ақыл-кеңесін айтып, сәттілік тілеп, қолғабын сыйға тартты.

2004 жылы ұлағатты ұстаздың есімі өзі қызмет қылған мектептегі тарих және география кабинетіне берілген болатын. Ұл-қыздарының бастамасымен заманауи технологиялармен жабдықталған сыныпта іс-шара шағын концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Қарағанды қаласынан келген күміс көмей әншілер әндерін шырқап, мәдениет, өнер саласына елеулі еңбегімен көзге түскен азаматтар марапатталды. Яғни, Кертінді ауылындағы мәдениет үйіндегі ауылдық кітапхананың аға кітапханашысы Бағдат Ахтямова мен М.Сүлейменов атындағы ЖОББМ-нің кітапханашысы Қорлан Құлтасова «Кітапхана қызметінің үздігі» төсбелгісімен, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, академик Серғазы Әдекенов, Кертінді ауылының әкімі Ғалым Хасенов, М.Сүлейменов атындағы ЖОББМ-нің мұғалімі Балташ Сыздықов, мектепке қамқоршы болып жүрген Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университетінің ректоры, профессор Бақыт Жәутіков ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды. Ұлағатты ұстазды ұлықтау шарасы ұрпақтары ұйымдастырған құдайы аспен жалғасты. Көзкөрген, мектеп қабырғасында әріптес болған, ауылдас ақсақалдар Баймағамбет атамыздың жарқын жүзін, еңбек жолын еске алды. Рухына құран бағышталып, дұға жасалды.

 


Вернуться назад

Аудан жаңалықтары

Архив

Аймақ жаңалықтары

Мемлекеттік бағдарламалар

Сұрау

Валюта бағамдары

Ауа-райы

Ақпараттық порталды қалай бағалайсыз? ОТВЕТИТЬ
Доллар 377.85
Евро 432.00
Рубль 5.63
В Нуринске сейчас: -5°C пасмурно
  • Дымқылдылық: 86%
  • Қысым: 717
  • Жел: 3 м/с

© 2007-2012 Информационный портал аппарата акима Нуринского района
© 2012 Разработка и поддержка: Интернет-компания «Creatida»