Өз ісінің нағыз маманы атану екінің бірінің еншісіне бұйырмаған.

Өз ісінің нағыз маманы атану екінің бірінің еншісіне бұйырмаған.

Өз ісінің нағыз маманы атану екінің бірінің еншісіне бұйырмаған. Ол үшін ең алдымен мамандығыңызға деген махаббат керек. Мамандыққа деген махаббат пен карьерист болу екеуі біздіңше екі бөлек нәрсе. Махаббатпен істелген жұмыс қана нәтиже бермек. Екінші сөзбен айтқанда, мамандығыңыз сіздің сүйікті ісіңізге айналуы қажет. Бұл жағдайда адам жұмысқа ерекше құлшыныспен кірісіп, жұмысынан ләззат алады. Бүгінгі біздің әңгімемізге арқау болып отырған Нұра ауданы ІІБ жергілікті полиция қызметі учаскелік полиция инспекторлары тобының учаскелік полиция инспекторы, полиция мойоры Жаңабылов Дархан Киікбайұлы — өз ісінің нағыз маманы. Неге десеңіз, 2017 жылдың қорытындысы бойынша екі кезеңнен тұратын, аудандар арасында және облыс көлемінде өткен «Өз кәсібінің үздігі» конкурсында топтан озып, жүйріктер қатарынан көрінген. «Өз кәсібінің үздігі» марапатын иеленген. Алматы қаласына біліктілігін арттыру курсына жолдама алған. Бұл — Дархан Киікбайұлының бұған дейін алған марапаттарының арасындағы шоқтығы биігі. «Отызында орда бұзбаса, қырқында қамал алмас» демекші, осыдан тура бір ай бұрын, отыз жасқа енді қадам басқан шағында кейіпкеріміздің еңбегі әкімшілік тарапынан бағаланып, полиция майоры шенін алып, қызметі бір сатыға жоғарылады.
-Мен полиция қызметіне келуді бала күнімнен армандадым. Біздің отбасымызда осы салада қызмет атқарған, атқарып жүрген ағаларым жетерлік. Сол кісілердің жүріс-тұрысы мен киім киісі өзімді қатты қызықтыратын. Менің туған атам Жаңабіл Баймағамбетов Ұлы Отан соғысының ардагері. Сонымен қатар соғыстан кейінгі жылдары осы ішкі істер саласында қызмет атқарған, полиция подполковнигі шеніне дейін өскен әскери адам. Сол ата жолын қуғандығымыз болар, бүгінгі күні біздің әулеттен осы салада абыроймен қызмет атқарып жүрген ағайындар баршылық, — дейді полиция мойоры Дархан Киікбайұлы.
Негізгі мамандығы — заңгер. Ата жолын қуып, бала күнінен, мектеп қабырғасынан осы мамандықты қалаған. Мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Дарханның бойынан да біз адал, адамгершілігі мол, қызметтік қыспаққа төзімді, тапқыр әрі алғыр азаматтық мінезін аңғардық. Бұл мүмкін сегіз жылдық өтілі бар, өзі таңдап алған кәсібінің салмақты талабы да болар. Ер азаматтың бойындағы бұндай қасиет әлі талай биіктерге жетелері анық.
Негізі қазақ «Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі — жар таңдағанда, екіншісі — мамандық таңдағанда» деп бекер айтпаса керек. Біздің кейіпкеріміз — жар таңдауда да, мамандық таңдауда да жолы болған бақытты жан. Жары Айгерім — ошағының тыныштығын баптап, тұңғышы Фархадты тәрбиелеп отырған бақытты ана. Әңгіме барысында кейіпкеріміз отбасы тақырыбынан гөрі қызметі жайлы әңгімені көп тарқатты. Тәртіп сақшылары тек ұсақ бұзақылықты анықтап, шара қолданумен шектелмей, оның алдын алу жолында кешенді жұмыстар атқаруда. Халықпен әр тоқсан сайын кездесулер өткізіп, атқарған істері жайлы есеп беріп және түрлі шаралардың алдын алу жолдарын насихаттауда. Мұндай жұмыстардың алдын алу жолында мектеп оқушыларымен, колледж студенттерімен түрлі тақырыптарда іс-шаралар өтуде. Жыл сайын республика көлемінде ұйымдастырылатын «нөлдік төзімділік» қағидасына қатысты акциялар да біздің аудан көлемінде үлкен жауапкершілікпен өтуде. Учаскелік полиция инспекторының жұмыс ауқымы кең. Ауылдың тазалығы, қолайсыз отбасылардағы балалар тәрбиесі, жол қауіпсіздігін сақтау, т.б. орын алған қиындықтардан абыроймен шығу – адамның өз кәсібін қаншалықты меңгергенін көрсетеді. Жеті рет пішіп, бір рет кесу — тыныштық күзетіндегі кәсіп иелерінің әдетіне айналған. Жыл күнтізбесінде тыныштық сақшыларына бір күн арналған. Осы күн қарсаңында жазылған мақаламызға халық үшін, тыныш тіршілік үшін барлық күші мен жігерін сарп етіп жүрген азаматтың азаматтық қасиетін тізбектеуге тырыстық. Мерекемен құттықтап, еңбегіне жеміс тіледік.

Т.Пішенбаева


Вернуться назад

Аудан жаңалықтары

Архив

Аймақ жаңалықтары

Мемлекеттік бағдарламалар

Сұрау

Валюта бағамдары

Ауа-райы

Ақпараттық порталды қалай бағалайсыз? ОТВЕТИТЬ
Доллар 367.06
Евро 416.17
Рубль 5.56
В Нуринске сейчас: -6°C ашық
  • Дымқылдылық: 78%
  • Қысым: 724
  • Жел: 1 м/с

© 2007-2012 Информационный портал аппарата акима Нуринского района
© 2012 Разработка и поддержка: Интернет-компания «Creatida»