Тұлпар аунаған жерде түк қалады

Бір-ақ уыс шөбі артық» — деген екен заманында атақты Қазыбек би.

«Ерден ердің несі артық,
Ептестірген сөзі артық.
Жерден жердің несі артық,
Бір-ақ уыс шөбі артық» — деген екен заманында атақты Қазыбек би. Қазақтың кең байтақ даласы бірдей сұлу. Бір жері - дархан даласымен, екіншісі - тау - орманымен, тағы да бір жері - мөлдір бұлақтарымен, шұрайлы шөбімен көркем. Еліміздің қай жері болса да, оның атын шығарып, туын желбірететін сол жердің азаматтары емес пе? Ал, нұрлы Нұраның кең даласындай жазық маңдай азаматтарының бірі - Сейітжапар Нығметов.
Ешкімге құпия емес, кезінде олқы-толқы заманда тізерлеп қалған «Щербаковское» кеңшарын аяғынан тік тұрғызып, көп ұзамай тиімділігі мол, табысты шаруашылық қатарына жеткізді. Секеңді жақсы білетін адамдар: «Айтқан сөзін жерге тастамайтын азамат», - дейді. Оның астында батылдық, адамгершілік қасиеттер бар екені сөзсіз. Алға қойған мақсатқа ретімен, қисынымен, тиімділігін есепке ала отыра жақсы нәтижеге жету, дарақылыққа бармай, тапқан-таянғанды тұрғындардың игілігіне жарату - осы азаматтың сан қырлы қасиеттерінің бірі.
Секең басшылық еткен «Қайнар» шаруашылығы құнарлығы жұтақтау жерді күтіп баптағанның арқасында жыл сайын егін бағытында жақсы нәтижеге жетіп жатыр. Сонымен қоса, көп уақыт зерттеп, тиімділігі мол мал шаруашылығы да дұрыс жолға қойылған, яғни, қос тізгінді тең ұстаған.
Құлаққа жағар жақсылықты тілге тиек ететін болсақ, жастарды көтермелеу - серіктестіктің тағы да бір қыры. Секеңнің қолдауымен жаңа үйлер салынып, заманауи техника меңгерген ауылдағы жастар саны ұлғайып барады. Ауылға жастарды тұрақтандыруды басты мақсат етіп алған С.Нығметовтың өте үлкен көрегендігі. Оның ұтымды шешімін «Қайнар» серіктестігінің күнделікті іс-әрекетінен байқап отырмыз. Сондықтан да болар, егемендік алғаннан бері Қайнар ауылы тұрғындарының саны азайған емес, қайта жыл сайын көбейіп келеді.
Биылғы жазда жомарт жанның ашық алақанының шарапатын мал ауруынан зардап шеккен аудан тұрғындары да сезінді. Қиын жағдайда қол ұшын беріп, мал басын толтыруға қол ұшын берген Сейітжапар Алшынбекұлына тек қана сол ауылдардың тұрғындары ғана емес, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері де ризашылығын білдірді. Бұл - бір-ақ мысал.
Дегенмен қазіргі уақыттағы «Қайнар» шаруашылығының жетістіктері тек емес болар. Жастайынан ауыл шаруашылығының қыр- сырын толық игеріп, осы саланың тамырын терең басқан Секең ең бірінші мақсатта ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуға көп көңіл бөледі. Жылдан-жылға көркейіп келе жатқан ауыл соған дәлел. Үлкен қуаныш - бүгінде аты бар, заты белгісіз Щербаковское атауы заңды түрде «Қайнар» ауылы болып бекітілді.
Қала типтес ауылға айналған Қайнарда сауықтыру орталығы, емханасы мен клубы, наубайханасы мен мейрамханасының да заман талабына сай болуы осы азаматтың қамқорлығының арқасында.
«Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» деген бар. Бабалардан қалған бұл нақылдың өміршеңдігін осы ауылда көруге болады. Жыл сайын көбейіп келе жатқан сәбилерге жағдай жасау үшін, лайықты бала - бақша қажетті жөндеуден өтіп, мектепке дейінгі балаларды қабылдауға дайын.
Көк күмбезді мешіті бар, алдыға қойған мақсаты бар көпұлтты «Қайнар» ауылының тұрғындарында келешегіміз қандай болады деген уайым жоқ. Ауа райының қандай жағдайы болса да, шаруашылық мол табысқа жетіп, ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі төмендеген емес.
Осыған себеп болып отырған «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, өмір жолында еңбексүйгіштік, қоғамдық белсенділікпен ерекшеленіп, нағыз азаматтық қасиеттерге ие тұлға ретінде көпшіліктің сый-құрметіне бөленген Сейітжапар Алшынбекұлын 60 жасқа толған торқалы тойымен шын жүректен құттықтаймыз!
Дана халқымыз «Тұлпар аунаған жерде түк қалады» дейді. Қоғам игілігіне бағыттап отырған осындай ерен еңбегіңізбен еліміздің көркеюіне қосқан сүбелі үлесіңізді мақтаныш етіп, біз де қуанамыз!

С.Сатыбалдин


Вернуться назад

Аудан жаңалықтары

Аймақ жаңалықтары

Мемлекеттік бағдарламалар

Сұрау

Валюта бағамдары

Ауа-райы

Ақпараттық порталды қалай бағалайсыз? ОТВЕТИТЬ
Доллар 330.00
Евро 390.72
Рубль 5.65
В Нуринске сейчас: 2°C ашық
  • Дымқылдылық: 36%
  • Қысым: 719
  • Жел: 2 м/с

© 2007-2012 Информационный портал аппарата акима Нуринского района
© 2012 Разработка и поддержка: Интернет-компания «Creatida»